Өскемендегі алғашқы аспалы жол қай жерде салынатыны белгілі болды
Облыс орталығының басшысы Алмат Ақышов арқан жолды салатын компания өкілдерімен кездесіп, жобаны талқылады

Алдын ала болжам бойынша аспалы жол жылына 7 млн-нан астам адамды тасымалдайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласында аспалы арқан жобасының әлеуетін талқылау мақсатында Bartholet Maschinenbau AG компаниясының серіктесі Артур Шахбазянмен кездестім. Бірлескен жұмыс аясында Қазақстан тауына техникалық талдау жүргізіліп, алғашқы кезеңде тауды амфитеатрмен немесе Славский жағалауымен қосу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жоба қазіргі таңда тек жоспарлау сатысында тұр, алайда оның әлеуеті зор: қала орталығын, демалыс аймақтарын және жаңа тұрғын аудандарды байланыстырып, туристік және көлік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін, - деді Алмат Ақышов.
Алдын ала техникалық-экономикалық талдау көрсеткендей, аспалы арқан жылына 7 миллионнан астам жолаушыны тасымалдап, қаланың көлік жүйесіне жүктемені азайтуға және туризмді дамытуға мүмкіндік береді.