Өскемендіктер Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай бірқатар шара ұйымдастырылуда

Өскемен қаласының орталығында ойшыл ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оған облыс әкімдігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындары қатысты.
Шығыс Қазақстан облысында рухани-танымдық және мәдени-бұқаралық кластерді қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Өскеменде Абай ескерткіші қайта жаңартылды. Ал "Абайға құрмет" акциясы аясында ШҚО жұртшылығының қолдауымен Абай облысында қазақ жерінің ұлы ақынды еске алудың тағы бір символына айналатын жаңа саябақты абаттандыру жоспарлануда.