Өскемендегі ұялы байланыс жоқ "ақ нүктелер" мәселесі шешілмек
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Beeline бренді, танымал "КАРтел" ЖШС басшылығымен келіссөздер өткізді

Өскемен халқының 50 пайыздан астамы осы оператордың қызметін пайдаланады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қарқынды дамып келе жатқан қалаға ілесу үшін компания ерекше тәсілдердің бірі - телекоммуникациялық жабдықты жарық бағаналарына орнату тәсілін қолдануда. Мұндай тәсіл Алматы мен Астанада сәтті жүзеге асырылуда және кәдімгі көше шамы шағын байланыс мұнарасына айналады. Жеке секторға қатысты бұл мәселе қалалық әкімдікпен бірлесіп қаралатын болады.
Сонымен қатар, Өскемен қаласындағы байланыс жоқ "ақ нүктелер" мәселесін шешу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде өңірдің әртүрлі аудандарында тоғыз антенна-мачталық құрылым орнатылған, оның екеуі іске қосылды, жетеуі электр энергиясына қосылуды күтуде.
Айта кету керек, компания тек байланыс операторы ғана емес, сонымен қатар өңірде әлеуметтік бастамаларды да жүзеге асырып келеді. Биыл оператор Шығыс Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамытуға 3,5 миллиард теңге бағыттауды жоспарлауда.
Туристік аймақтар Алтай, Самар және Катонқарағай аудандары да ерекше назарда. Бұл бағытта компания республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға қатысты жөндеу кезінде талшықты-оптикалық желілерді тартуға дайын екенін жеткізді.
Интернет - бұл жай ғана қолайлылық емес, бұл - туризмнің, қауіпсіздіктің және экономиканың дамуы. Әрбір жобамен нақты әрі жан-жақты айналысу қажет, - деп атап өтті облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Күн тәртібінде ауыл мәселесі де көтерілді. Өңірде интернет желісі жоқ, халқы аз шалғай ауылдар әлі де бар. Компания жарықтандыру бағаналарын барынша пайдалану үшін энергиямен қамтамасыз етуші компаниялармен ынтымақтастық орнату жолын ұсынды.