Марқакөлге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылуда
Қорық ұжымы экотуризмді дамытуға бағытталған жаңа бағдарлама дайындап жатыр

Жаз сайын Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы табиғат сүйер қауым үшін таптырмас мекенге айналады. Биылғы маусымда да бұл дәстүр жалғасын тапты — маусымның басынан бері мұнда Қазақстанның әр аймағынан және шетелдерден 300-ден астам турист келген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Сапарға келгендердің арасында Ресей, Нидерланды, Бельгия, Испания мен Швейцария елдерінің азаматтары да бар. Туристердің көбі Марқакөлдің тұмса табиғатына таңдай қағып, ерекше әсермен қайтқанын айтып жатыр.
Қорық қызметкерлері келген қонақтарға табиғат мұражайын таныстырып, "Марқакөл соқпағы" деп аталатын экологиялық жолмен серуен ұйымдастырады. Осы бағыт арқылы келушілер көл айналасындағы флора мен фаунаны жақынырақ тамашалай алады.
Жуырда Швейцариядан арнайы келген туристер тобы табиғатпен қауышып, ерекше ләззат алғандарын жасырмады. Олар табиғат мұражайы мен экосоқпақ туралы оң пікірлерін білдіріп, Қазақстандағы осындай бірегей экожүйені қорғаудың маңызын ерекше атап өтті.
Мұндай орындар — бүкіл адамзатқа ортақ қазына. Оларды сақтау — әр ұлттың борышы, — деді шетелдік меймандар.
Айта кетейік, өткен жылы қорыққа 560-тан астам адам келген. Бұл көрсеткіштің ішінде Германия, Ирландия, Канада, Финляндия, Қытай мен Сингапурдан келген саяхатшылар да бар.
Қазір Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы экологиялық туризмді дамытуға бағытталған кеңейтілген бағдарламаны әзірлеуде. Басты мақсат — табиғатты сақтай отырып, туристер үшін сапалы әрі қауіпсіз жағдай жасау.