Өскемен қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы істі болды
Өскемен қаласының №2 сотында білім бөлімін шығынға батырған алаяқтық әрекет бойынш іс қаралды

Сотталушылар өз кінәсін мойындамады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өскемен қаласының №2 сотында азамат Э.-ға қатысты ҚР ҚК-ның 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық, яғни бөтен мүлікті алдау жолымен жымқыру, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам жасаған) және азамат С.-ға қатысты ҚР ҚК-ның 361-бабы 1-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Азаматша Э. өзінің танысы Б.-ға «Өскемен қаласы бойынша білім бөлімі» ММ-не аудармашы қызметіне орналасуды ұсынып, нақты жұмыс атқармай-ақ, аудармашы ретінде төленетін еңбекақыны өз банктік шотына аударып отыруды сұраған. Қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін ол Білім бөлімінің басшысы азаматша С.-ға жүгініп, оған осы қылмыстық әрекетті жүзеге асыруда көмектесуді өтінген. Жақсы қарым-қатынаста болған соң, С. бұл өтінішке келісім берген, - делінген сот материалдарында. - Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде Өскемен қаласы бойынша білім бөліміне 1 394 458 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот отырысында сотталушылар өз кінәсін мойындамай, олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін алға тартып, ақтауды сұрады. Жәбірленуші тараптың өкілі жаза мәселесін соттың қарауына қалдырды, алайда келтірілген залалдың өтелмегенін атап өтті.
Алайда сот жасаған қылмыстарды сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар деп таныды.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, залалдың өтелмеуін, сотталушылардың жеке тұлғаларын ескере отырып, сот Э.-ға ҚР ҚК-ның 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, С.-ға ҚР ҚК-ның 361-бабы 1-бөлігі бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, екеуіне де өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолданды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.