ШҚО-да кардиолог жетіспейді, бірақ жүрекке жасалған ота жүздеген өмірді құтқарып жатыр
Шығыс Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастар көп болғанымен, бұл салада маман тапшылығы айқын сезіледі

Облыстың 600 мыңнан астам тұрғынының ішінде 180 мыңға жуығы – гипертония, жүрек жетіспеушілігі сияқты диагноздармен кардиологтың есебінде тұр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осынша науқасқа тек 32 дәрігер-кардиолог қызмет көрсетеді. Ал норма бойынша олардың саны кемінде 90 болуы тиіс. Мамандардың жетіспеушілігі әсіресе Өскемендегі №1 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, Риддер, Алтай, Шемонаиха, Самар, Глубокое, Күршім және Катонқарағай өңірлерінде қатты байқалады.
Норматив бойынша бір дәрігер күніне 30 адам қабылдауы керек. Бұл әр пациентке бар болғаны 15 минут уақыт бөлінеді деген сөз. Бірақ мұндай жүктемемен сапалы көмек көрсету мүмкін емес. Бұл тек ШҚО емес, бүкіл республикаға ортақ мәселе, - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас кардиологы Дария Абакашева.
Оның айтуынша, емделушілерге уақыт бөлу тәртібін республикалық деңгейде қайта қарау қажет. Себебі дәрігер – робот емес, ол әр науқасты тыңдап, тексеріп, ем тағайындауға жеткілікті уақыт алуы керек.
Сондай-ақ, кардиологтың пікірінше, мамандардың жүктемесін азайту үшін жоғары білімді аға мейірбикелерді тарту – тиімді шешім болмақ. Олар алдын ала кеңес беріп, дәрігерлердің жұмысын біршама жеңілдетеді.
Маман тапшылығына қарамастан, ШҚО кардиохирургтары соңғы 10 жылда жүрекке жасалатын күрделі операциялар бойынша еліміздегі үздіктердің қатарынан көрінуде. Жыл сайын облыста жүрекке орта есеппен 250 ота жасалады. Оның ішінде 150-ге жуығы — стенд қою, жүрек ырғағын түзету және кардиостимулятор орнату секілді күрделі хирургиялық араласулар.
ШҚО-да кардиологтар аз болса да, жүрек оталарының сапасы жоғары деңгейде. Бірақ бұл салада жүйелі өзгерістер мен қолдау болмаса, бүгінгі жетістіктерді сақтап қалу қиынға соғуы мүмкін.