ШҚО әкімі Өскемендегі "Қазақстан" тауын абаттандыруды тапсырды
"Қазақстан" тауы мемлекеттік рәміздер орналасқан қаланың ең танымал көрікті орындарының бірі

Ресми шаралар, фототүсірілімдер өтетін бұл орында ешқандай санитарлық-гигиеналық жағдай жасалмаған, қоқыс шашылып жатады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл жерде ресми іс-шаралар өткізіліп, фотосессиялар мен флешмобтар ұйымдастырылады, қала тұрғындары мен туристер жиі келетін сүйікті орынға айналған. Алайда бүкіл аумақта бірде-бір санитарлық торап орнатылмаған. Яғни, келушілер үшін дәретхана да, қарапайым жағдай да жасалмаған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі бұл мәселені шешуді тапсырды.
Бұл жай ғана серуендеу алаңы емес, мұнда мемлекеттік рәміздер орналасқан, бұл – Өскемен қаласының бет-бейнесі. Ал қазіргі көрінісі дұрыс емес. Қаланың қонақтарын ең қарапайым жағдай жасалмаған жерге шақыруға ешқандай құқымыз жоқ. Бұл – мүлде қабылдауға болмайтын нәрсе, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы бұл аймақты абаттандыру бойынша нақты тапсырма берді:
- санитарлық-гигиеналық модульдерді жедел орнату;
- аумақты тұрақты түрде тазалау;
- қосымша орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату;
- жайлы демалыс үшін жағдай жасау.
Аталған тапсырмаларды орындауға Өскемен қаласының әкімдігі, ішкі саясат басқармасы жастар ұйымдарымен бірлесіп, сондай-ақ облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы жұмылдырылды. Жұмыстардың мерзімі нақты белгіленген және орындалуы қатаң бақыланатын болады.