ШҚО-да жыл басынан бері 80-ге жуық адамнан бас және мойын обыры анықталды
Жыл сайын әлем бойынша 700 мыңнан астам адам осы дерттен көз жұмады

Өскеменде бас, мойын және қуық асты безі обырын ерте анықтау үшін дәрігерлер бір күн тегін қабылдау жүргізбек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
21 маусым күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығында бас пен мойын ісіктері туралы республикалық ақпараттандыру апталығына орай ашық есік күні өтеді.
Аймақ тұрғындары терапевттің жолдамасынсыз және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі статусына қарамастан орталықтың жетекші мамандарынан тегін кеңес ала алады. Тек жеке куәлікті алып келу жеткілікті, - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова. - Ашық есік күні дәрігерлер ауыз қуысы, бас пен мойын терісі және қалқанша безді визуалды қарап тексереді, онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша кеңес береді заманауи диагностикалық және емдеу әдістері туралы мәліметпен бөліседі. Атап айтқанда, орталықта мойынға кесік жасамайтын, ерекше эндоскопиялық әдіспен қалқанша безіне операция жасалады.
Онкологтардың ақпаратына сүйенсек, бас пен мойын обыры дүние жүзінде таралуы бойынша алтыншы орында тұр және жыл сайын 700 мыңнан астам адамның өмірін қияды. Тек 2025 жылдың алғашқы бес айында ШҚО-да осы топтағы 76 жаңа жағдай анықталған. Олардың үштен бірі ерте сатысында анықталған, бұл – емдеудің тиімді болуына үлкен мүмкіндік.
Сондай-ақ қуық асты безі обырына шалдығу жағдайларының артуы да алаңдаушылық туғызуда. Бұл – 50 жастан асқан ер адамдар арасында кең таралған онкологиялық ауру. Қазіргі таңда бұл диагноз облыс бойынша 940 адамға қойылған, бұл ШҚО-ны еліміздегі ең жоғары көрсеткішке ие өңірлердің қатарына қосады.