Өскеменде әскери қызметшілер арасындағы қылмыс саны азайған
Отан қорғаушылар арасында өткен жылы он екі заңбұзушылық тіркелген, ал биыл небары екі қылмыс ашылған

Бұл туралы Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Құқық қорғау органдары бұған алдын алу шараларының ұдайы жүргізілуі сеп болды деген ойда.
- Қылмыстық істерді болдырмау үшін әскери қызметшілер мен сарбаздар арасында жиі дөңгелек үстел мен пікір алмасулар ұйымдастырамыз. Оларға қылмыстық баптар жайында толыққанды ақпарат береміз. Әсіресе сарбаздар басты назарда. Олардың мүддесін қорғау маңызды міндет, - дейді ҚР ІІМ Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасы Өскемен бөлімінің бастығы подполковник Дархан Қасенов.
Әскери тергеу басқармасы бүгінде толықтай техникалық құрылғылармен жабдықталған. Әсіресе тергеу бөлмесінде жауап беруші мен тергеу алушының құқықтарын қорғау мақсатында бейнежазба камералары орнатылған. Жалпы, басқарма міндеті әскери ортада болған қылмысты жедел түрде ашып, заң шеңберінде лайықты әділ баға беру болып табылады. Әскери тергеушілер қызмет бабын асыра пайдалану, бұзақылық, ұрлық және сыбайлас жемқорлықтан бастап, заңсыз есірткі айналымына дейінгі түрлі құқық бұзушылықтарды тергейді.