ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті аудандарда көшпелі семинар өткізді
Салық заңнамасын түсіндіруді көздейтін көшпелі семинар Марқакөл және Катонқарағай аудандарында ұйымдастырылды

Мақсат - халықтың салықтық сауаттылығын арттыру, әділ салық салуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканы азайту, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Семинар қатысушыларына жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар туралы ақпарат жеткізіліп, "Чекті талап ет – жүлде ұтып ал", "Бәйге" акциялары мен "Salyq кэшбэк" пилоттық жобасының шарттары таныстырылды.
Марқакөл ауданы - Қазақстан Республикасының шекаралық аудандарының бірі. Бұл өңір мыс өндірумен қатар, туризм және мал шаруашылығына маманданған маңызды ауыл шаруашылық аймағы болып табылады.
Марқакөл ауданында тіркелген бизнес субъектілерінің жалпы саны – 612, оның ішінде 105-і – заңды тұлғалар, 507-сі – жеке кәсіпкерлер. Аудан аумағында демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар және өзге де қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. 363 бақылау-касса аппараты тіркелген. Бұдан бөлек, 14 нысан қолданыстағы лицензиялар негізінде алкоголь өнімдерін сатумен айналысады.
Семинар барысында департамент өкілдері салық органдарында тіркеуге тұру, ККМ мен пост терминалдарды қолдану, кірістер мен жалдамалы қызметкерлер туралы мәліметтерді салықтық есептілікте көрсету тәртібі, туризм нысандарына салық салу мәселелерін түсіндірді. Сонымен қатар, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек сату лицензиясын алу тәртібі түсіндірілді, - деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.
Ал шекаралық Катонқарағай ауданы туризм мен ауыл шаруашылығы, әсіресе мал және бұғы шаруашылығы салаларында айтарлықтай әлеуетке ие. Ауданда 1459 бизнес субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 162-сі - заңды тұлғалар, 1297-сі - жеке кәсіпкерлер. Ауданда демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар және басқа да қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. 486 бақылау-кассалық машина тіркелген. Сонымен қатар, 54 нысан алкоголь өнімін тиісті лицензия негізінде заңды түрде өткізеді.