ШҚО-да жасөспірімдердің босануы мен түсік жасату жағдайлары азайған
12 мамырдан бастап бүкіл ел бойынша репродуктивті денсаулық апталығы басталды

Өңірде білім беру, медицина және әлеуметтік мекемелер арасында тығыз байланыс орнатылған, бұл алдын алу және ағартушылық жұмыстарды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылған акция халықтың кең ауқымын қамтиды - жасөспірімдерден бастап ата-аналарға, студенттерден бастап ұстаздарға дейін.
Бес күн бойы еліміздің барлық өңірінде келесі шаралар өтеді:
- емханалар мен Жастар денсаулығы орталықтарында Ашық есік күндері өткізіліп, мамандардан тегін консультация алуға болады;
- жасөспірімдер, жастар және ата-аналар үшін отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және адам папилломасы вирусының профилактикасы тақырыптарында дәрістер, семинарлар мен мастер-кластар өтеді;
- әйелдер мен ерлерге бала сүюге дейінгі даярлық және АИТВ инфекциясына тестілеу бойынша консультация беріледі;
- БАҚ пен әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлері, тиісті сала мамандары (гинекологтар, урологтар, дерматовенерологтар, репродуктологтар және т.б.) қатысатын ақпараттық науқандар өтеді;
- мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады;
- жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау мәселелеріне ата-аналарды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Аптаның әрбір күні нақты бір тақырыпқа арналады:
- 12 мамыр, дүйсенбі: Отбасын жоспарлау
- 13 мамыр, сейсенбі: Әйелдер денсаулығы
- 14 мамыр, сәрсенбі: Ерлер денсаулығы
- 15 мамыр, бейсенбі: Жастардың репродуктивтік денсаулығы және ЖЖБИ-ге қарсы іс-қимыл
- 16 мамыр, жұма: Адам папилломасы вирусы
ЮНФПА деректері бойынша Қазақстандағы жасөспірімдердің көбі жыныстық өмірді ерте бастау қаупі мен оның профилактикалық әдістері туралы жеткілікті ақпаратқа ие емес. 15–19 жас аралығындағы жастардың 60%-дан астамы ЖЖБИ мен жоспарланбаған жүктіліктен қалай қорғану керектігін білмейді. Ал АИТВ-ның берілу жолдарын тек 9% жасөспірім ғана біледі.
ШҚО-да оң динамика байқалуда:
- Жасөспірімдер арасындағы босанулар саны үш жыл ішінде азайды (57-ден 50 жағдайға дейін),
- Кәмелетке толмағандар арасындағы түсік жасау саны қысқаруда,
- Жастар кеңес пен қолдау алуға жиі жүгінуде.
БҰҰ Қорының Елдік өкілдігінің (ЮНФПА) қолдауымен Өскемен қаласында ашылған Y-PEER Kazakhstan жастар еріктілер желісі аймақта ерекше рөл атқарады. Жастар көшбасшылық, гендер, ерте неке және салауатты өмір салты тақырыптарын зерттеп, кейін өз қатарластарымен білімдерін бөліседі.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының "Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектеп" жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаға ШҚО-дағы 38 мектеп қатысады. Мұнда оқушылардың денсаулығы басты назарда: жағдайды бақылаудан бастап алдын алу шараларына және мектеп сайттарын жаңартуға дейінгі жұмыстар жүргізілуде, - дейді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова. - Мемлекеттік тапсырыс аясында "Жауапты ата-ана" жобасы іске асуда. Бұл - ата-аналарға арналған тренингтер, сабақтар мен әдістемелік құралдар, олардың балаларын жақсы түсініп, сенімді қарым-қатынас орнатуына көмектеседі. Биылдың өзінде 758 сабақ пен 16 семинар өткізіліп, жүздеген отбасы қатысты.