Шығысқазақстандықтар Төлеген Тоқтаровтың ерлігін еске алды
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында "Төлегеннің ерлігі - ел есінде" дөңгелек үстелі өтті

Ол Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың 105 жылдығына және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, "Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров" атты кітаптың авторларының бірі Совет Иманғалиев; жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, "Алаш" Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Нұрдәулет Ақыш; жазушы, өлкетанушы Гүлзира Жұмағұлова; С. Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушысы Раушан Нұрбековақатысты.
Қатысушылар Төлеген Тоқтаровтың ерлік жолы мен өмірбаяны, оның жас ұрпаққа қалдырған өнегелі мұрасы жайында пікір алмасты. Батыр туралы жазылған естеліктер мен кітаптарға шолу жасалып, тарихи дәйектер негізінде батырдың тұлғалық келбеті жан-жақты сипатталды.
Т. Тоқтаровтың рухына тағзым ету, оның ерлігін болашақ ұрпаққа үлгі ету – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Батырдың есімін ұлықтау – тарих алдындағы адалдық, ел болашағы алдындағы жауапкершілік.