Өскемен және Согра ЖЭО-ларында күрделі жөндеу жүргізіледі
Бұл жылу электр орталықтарының жөндеу жұмыстарына 8,1 млрд теңге бөлінген

Сондай-ақ, Риддер ЖЭО-дағы жұмыстарды жалғастыруға 6 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдегендей, биыл қатты аязға қарамастан, өңірдің коммуналдық инфрақұрылымы үлкен жүктемеге төтеп берді. Өйткені 68,5 км жылу желілері, 13,3 км су құбыры, 53 км кәріз жүйесі және 603 км электр желілері жөнделген болатын.
Үлбі және Риддер қалаларындағы үш жылу электр орталығын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы инвестиция көлемі 14,4 млрд теңгені құрады, - деді Нұрлан Рамазанов. - Бұрын 74,5%-ға әбден тозған Риддер ЖЭО жабдықтары жөнделіп, тозу көрсеткіші 45,7%-ға дейін төмендеді. Риддер қаласында 2024 жылы ЖЭО-ға 7,9 млрд теңге қосымша қаржы бөлініп, 19 км жылу желісі ауыстырылып, алты қазан агрегаты мен үш турбогенератор күрделі жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы 6 млрд теңгеге жаңа жұмыстар жоспарланған. Қазандықтарды жөндеу, отын жүйесін жаңғырту және ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру жалғасады.
Күрделі жөндеулер сондай-ақ Өскемен және Согра ЖЭО-ларында да өтеді. Бұл мақсатқа 8,1 млрд теңге бөлінді. Жоспарда - Өскемен ЖЭО-дағы тоғыз қазан агрегатының алтауын және Согра ЖЭО-дағы үш қазандықтың екеуін қалпына келтіру. Бұл шаралар өңірдегі өсіп келе жатқан тұтыну жағдайында энергиямен қамтудың сенімділігін арттыруға бағытталған.
2024 жылғы мәлімет бойынша, облыстағы электр энергиясын өндіру көлемі 7,64 млрд кВт/сағ болды, оның 7,19 млрд кВт/сағ желіге берілді. Соңғы бес жылда алғаш рет 0,07 млрд кВт/сағ артық энергия тіркелді.
Өңірде 2030 жылға дейін 595,3 МВт электр және 1214 Гкал/сағ жылу қуатын енгізу жоспарланған. Негізгі жоба - Ресей Федерациясымен бірлесіп жүзеге асырылатын Өскемендегі ЖЭО-3 құрылысын жүргізу. Қуаты - 1024 Гкал/сағ және 360 МВт. Келісімге қол қойылған, іске қосу 2025–2030 жылдарға жоспарланған.
Қолданыстағы ЖЭО-ларды жаңғырту және алты жаңа су электр станциясын салу көзделген: екі ГЭС Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан аудандарында және Алтай өңірінде. Жалпы қуаты - 93,3 МВт, іске қосу 2027–2030 жылдарға жоспарланған, - деп атап өтті Нұрлан Рамазанов.