Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбі ішімдіктің кесірінен орын алады
Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық саладағы қылмыстардың жартысынан астамы алкогольдік масаң күйде жасалады

Бұл туралы ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
2025 жылы полицияның өтініші бойынша өңір соттары ҚР ӘҚБтК-ның 54-бабы аясында 266 құқық бұзушыға алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салды. Бұл шара өткен жылы да қолданылып, 291 адамға қатысты шектеу енгізілген еді.
Біз тұрмыстық қылмыстарға, әсіресе алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстарға қарсы күресті жалғастырудамыз. Алкогольді тұтынуға қойылған тыйым оң нәтиже беруде, сондықтан біз бұл шараны қайталанған құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әрі қарай да қолданатын боламыз. Осы жыл Ішкі істер министрлігі тарапынан Алдын алу жылы деп жарияланды, сондықтан біз қылмыстың алдын алуға ерекше назар аударып отырмыз, – деді ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
Жыл басынан бері өңірдегі дағдарыс орталықтарына 1 700-ден астам әйел психологтардың кеңесіне жіберілді, сондай-ақ 48 әйел мен 17 бала уақытша тұру үшін арнайы паналау орындарына орналастырылды.
Әйелдерге қатысты қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға төмендеді – бұл полиция мен әлеуметтік қызметтердің бірлескен жұмысының оң нәтижесі.
Сонымен қатар, тұрмыстық салада құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін 1 315 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алайда мәселе өзекті күйінде қалып отыр – 142 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жақындауға тыйым салатын қорғау ұйғарымдарын елемей, қайтадан жауапкершілікке тартылды.