Швейцариялық компания Риддерде тау шаңғысы кешенін салмақ
Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі тау шаңғысы туризмін дамыту мәселелері бойынша кеңесте айтты

Өңірдің географиялық жағдайына және ауа райына байланысты демалыс түрін жыл бойы қолжетімді ету керек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осыған байланысты Риддер қаласы маңында 1860 метр биіктіктегі "Проходной Белок" тауында "Анатау" тау шаңғысы кешенін салу жобасы жоспарлануда.
Кешен қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшылар үшін жыл бойы оқу-жаттығу базасын, халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге арналған алаңды және белсенді туризм орталығын құруға мүмкіндік береді. Таудың солтүстік-батыс бөктерлері желден қорғалған және ұзындығы 15 шақырымға дейінгі трассаларды, оның ішінде тау шаңғысы мен сноуборд үшін 4 шақырымға дейінгі жолдарды төсеуге қолайлы рельефке ие.
Жобаның әлеуетті серіктесі – Bartholet Maschinenbau AG компаниясы оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды көздейтін коммерциялық ұсыныс жасады, - дейді облыс әкімі. - Жобаны одан әрі пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен әлеуетті инвесторлардан тұратын жұмыс тобы құрылатын болады. Олар жобаға сәйкес келетін жер телімдерін анықтау, инженерлік инфрақұрылымға қажеттілікті бағалау, жобаны жүзеге асырудың нақты алгоритмін әзірлеу туралы міндеттерді шешуі қажет.
Сонымен қатар, кеңесте Өскемен қаласында арқан жолын (канатная дорога) салу бойынша ұсыныстар қаралды. Бұл бағытта жұмыс тобына ұқсас жобаларды жүзеге асырудың табысты тәжірибесін зерттеп, нақты ұсыныстар дайындау тапсырылды.
Бұл бастамалар өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді деп күтілуде.