Өскеменде ұландықтар ардагердің ауласын қардан тазартты
Тоқсан тоғыз жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Макар Харин Өскемен қаласының Согра кентінде қызымен бірге тұрады

Биыл толассыз жауған қалың қар ардагерді әбігерге салған. Қария үшін үйден көшеге шығу тұрмақ, аулаға аяқ басудың өзі мұңға айналған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Төңіректі басқан ақ ұлпа күн жылығанда суға айналып, үйге кіріп кете ме деген уайым да қар құрсауында қалған майдангердің мазасын алып, сабырын қашырған. Осы орайда "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері көнекөздің үйіне барып, ауласын қардан тазалап, қолғабыс жасады.
Біз "Жеңіске 100 күн қалғанда" республикалық акциясы аясында қоғамдық орындарда соғыс әндерін шырқап, мәдени шаралар ұйымдастырып қана қоймай, көмекке зәру қарияларға да қолдан келгенше қолғабыс танытамыз. Әсіресе ардагерлердің ерлігі мен еңбегін құрметтеу – біздің қасиетті борышымыз. Олардың жанқиярлығы және де қайсарлығы бізге бейбіт өмір сыйлады. Согра кентінде тұратын майдангердің ауласын тазалау – Жеңіске үлес қосқан жанға деген ризашылығымызды білдірудің маңызды мүмкіндігі деп білеміз, - дейді №6699 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі майор Нұрбек Жукубаев.
Ұлттық ұлан қатарындағы он шақты әскери қызметші аздаған уақыттың ішінде қар басып қалған ауланы мұнтаздай таза етті. Әскери қызметшілердің іс-әрекетіне көңілі толған ардагер ұландықтарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, Макар Родионович 1926 жылы Алтай өлкесіндегі Чарыш ауданы, Маралиха ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қарашада әскер қатарына шақырылып, Жаңасібір облысы Бердск қаласына жіберілді. Жас жауынгер атқыш ретінде курстық дайындықтан өтіп, әрмен қарай Эстонияға аттанады. Қанмайданда минометші және мерген болған азамат жаудың көзін жоюда ерен ерлік үлгісін көрсете білді. Ардагер ІІ-ші дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Германияны жеңгені үшін" медалімен, сонымен қатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.