Полиция майоры Айзат Рыспаева: Полицей формасына ғашық болдым
Қазіргі таңда полиция мамандығы тек ер адамның жұмысы ғана емес, құқық қорғау органдарында ер адамдармен иық тірестіріп қызмет етіп жүрген әйелдер қауымы жетерлік

Өскемен қаласындағы Полиция басқармасы, Солжағалау, Үлбі және Ертіс полиция бөлімінде барлығы 1200-дей қызметкер болса, соның 300-ге жуығы нәзік жандар, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Олар жүктелген күрделі міндеттерге, зор жауапкершілікке, күндіз де, түнде де жалғасатын жұмыс жүйесіне қарамай, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасты. Нәтижесінде аналық, әйелдік, келіндік міндеттерімен қатар, полиция қызметкерінің міндеттерін де абыроймен атқарып келеді.
Мәселен, Өскемен қаласы Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция майоры Айзат Рыспаева ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт бойы адал еңбек етіп келеді.
Марқакөл ауданы Қарашілік ауылының тумасы арман қуып Алматыға барып, 1998-2002 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің "аударма ісі" мамандығын тәмамдаған. Кейін қызмет ете жүріп сол Алматы қаласындағы "Тұран" университетінің "заңгер" мамандығын бітіреді.
Студенттік өмірден кейін біраз жерлерге жұмысқа барып көрдім. Алайда ол жұмыстарға көңілім толмады. Содан бір әпкем Зырян (қазіргі Алтай) ауданының ішкі істер бөліміне аудармашы қажет екен деп, мен бұрын соңды болмаған Зырян ауданына кете бардым. Қызметке бірден үйренісіп, бірден кірісіп кеттім, - дейді Айзат Шотанқызы. - Сөйтіп қызмет жолым 2002 жылдың желтоқсан айында Зырян аудандық ішкі істер бөлімінде басталды. Ол жылдары аударма ісі барлық бөлімдерге енгізілген еді, сонымен алғаш полиция лейтенанты шенін де сол жерде алдым. Зырян ауданында 10 жыл қызмет етіп, 2012 жылы Өскемен қаласының Полиция басқармасына ауысып келдім. Ол кезде мен капитан шеніндегі қызметкер едім. 2018 жылға дейін штаб бөлімінде қызмет етіп, 2018 жылдан бері криминалдық полиция бөлімінде қызмет етемін. Қазіргі шенім полиция майоры.
Бүгінде әйелдер барлық салада жемісті қызмет атқаруда. Алайда екінің бірі ішкі істер органдарында қызмет етуге бел буа бермейді. Ол үшін қайсар жүрек, батылдық, асқан отансүйгіштік маңызды.
Ол жылдары әйел адамның полицей формасын киюі ерекше әсер беретін. Әрине алғашында формаға ғашық болдым деуге болады. Содан кейін қызметтің қыр-сырын біртіндеп ұға бастадым. Ол кезде бүгінгі күнге қарағанда патриоттық сезім басымырақ еді. Ер азамат болмасам да Отан алдындағы борышымды, Отанға қызмет етумен өтесем дедім. Ішкі істер органдарындағы жүйе ерекше, басқа қызметтерге ұқсамайды. Әрине әлемде қанша адам болса, сонша ой бар, алайда аз ғана болса да айналамызды қылмыстан азайту мен үшін үлкен бедел, - дейді полиция майоры.
Өскемен қаласының Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі негізгі 4 бағытта жұмыс атқарады: жеке тұлғаға қарсы ауыр қылмыстарды ашу, мүліктік қылмыстарды ашу, іздеу бөлімі және аналитикалық бөлім. Айзат Шотанқызы мүліктік қылмыстарды ашу бөлімшесінің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қызметін атқарады.
Жұмыс күн негізі таңғы сағат 8.30 да басталады. Криминалдық полиция қызметкерлері сағат 8.00 келіп қоямыз. Алдағы күнге жұмыс жоспарланады, бастықтың жанында кішігірім жиналыс өткізіліп, қосымша тапсырмалар беріледі. Жалпы күнделікті жұмыс бір-біріне ұқсамайды. Жоғарыда тұрған органдардың нұсқауларын орындаймыз. Ұрлықтың алдын алу іс-шараларын жүзеге асырамыз. Ал ұрлық орын алған жағдайда, қылмыскерді анықтау жұмыстары жүргізіледі. Түскен кейінгі жұмыс көбіне қызметтік кабинеттерден гөрі қала аумағында жүзеге асырылады. Жалпы қызмет бабы өте қызықты және сан қилы, - дейді полиция майоры.
Уақытқа қарамастан, өз жұмысына беріліп, елінің қорғаны болып жүрген қыз-келіншектер - батырлық пен ерліктің символы деуге әбден лайық.
Қызмет бабында сан түрлі қиыншылықтар кездеседі. Суықта тоңып, ыстыққа күйіп далада да жүреміз. Себебі полиция қызметкері алдымен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау тиіс. Әр-түрлі психологиясы бүлінген, өзіне өзі есеп бермейтін адамдармен де кездесеміз. Осының барлығы қызметкерлердің болаттай берік болуын талап етеді. Жұмыстан кейін отбасыңа да көңіл бөліп, оларға жағдай жасау керек. Сондықтан жұмыстан шығып үйдің де шаруасын жасауға тырысамыз, - дейді Айзат Шотанқызы.
Жалғызбасты ана ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Қолында 70-тен асқан әкесі мен анасы бар. Ол - отбасы, балаларының болашағы үшін барын салып жүрген батыр ана.