ШҚО әкімі тыл еңбеккерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тыл еңбеккері Шағила Шалғұмбаеваның шаңырағына барып, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады

Биыл маусым айында ақжаулықты әже 104 жасқа толады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оның өмір жолы – өз ісіне деген адалдық пен жауапкершіліктің, туған жерге, кәсібіне деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Шағила Шалғұмбаеваның белсенді өмірлік ұстанымы мен қамқорлығының орны ерекше. Ол еңбек жолын 1939 жылы Ұлан ауданындағы мектептердің бірінде ұстаздықтан бастады. Кейін балабақшада меңгеруші, мектеп-интернатта мұғалім болды. Өз өмірін бала тәрбиесімен байланыстыра отырып, шынайы патриотизм мен қамқорлықтың үлгісіне айналды. Ол оқушыларына үнемі жанашырлық танытып, мамандық таңдауда да көмектесті. Шағила Шалғұмбаева шығысқазақстандықтардың бір емес, бірнеше ұрпағын тәрбиеледі.
Осындай әйелдер қай дәуірде болмасын, күш-жігер мен жанқиярлық еңбектің нағыз үлгісі саналады, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өзінің ерең еңбегі үшін Шағила Шалғұмбаева Ұлы Жеңістің 70 және 75 жылдығына арналған екі мерейтойлық медальмен марапатталды. Аймақ басшысы оған және оның отбасына зор денсаулық, мол бақыт пен бақ-береке тіледі.