ШҚО-да тағы төрт аудан жаңа жұмыс кестесіне ауысты
Енді Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандарының тұрғындары жұмысты 1 сағатқа ерте бастайды

Наурыз айынан бастап Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында жұмыс кестесі өзгерді: 08.00-де бастап, 17.30-ге дейін, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Түскі үзіліс 12.00-ден 13.30-ға дейін белгіленген.
Бұл жаңашылдық өңірдің табиғи ерекшеліктерімен – таңның ерте атып, күннің ерте батуымен байланысты. Жаңа кесте тұрғындарға күндізгі жарықты тиімді пайдалану мүмкіндігін береді. Өзгерістер мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді, себебі олар бұған дейін осы кесте бойынша жұмыс істеп келген.
Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы бұл шешім жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қабылданғанын атап өтті.
Бұл шешімді қабылдамас бұрын, біз әр ауылдық округте жиналыстар өткіздік, тұрғындар бұл бастаманы қолдады. Себебі Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқан, сондықтан бізде күн ерте шығады, яғни жарық күн де ерте басталады. Сол себепті, жұмыс күнінің 08.00-де басталып, 17.30-да аяқталғаны халық үшін әлдеқайда қолайлы – жұмыстан кейін үй шаруасына, балаларға және жақындарына көбірек уақыт қалады, – деді Аэлита Ахметсəлімқызы.
Самар ауданының орталық кітапхана директоры Гульмира Бакиргалова да бұл жаңашылдықты оң бағалады.
Біз бұған дейін де осындай жұмыс кестесінің қажеттілігі туралы айтып жүрген едік. Енді қыс мезгілінде жұмысты ертерек аяқтауға, ал жазда уақытты тиімдірек бөлуге мүмкіндік болады, - деп бөлісті кітапхана директоры.
Бұған дейін, жыл басынан бері, облыстың тағы үш ауданында осындай жұмыс режимі енгізілген болатын. Қаңтар айында Катонқарағай ауданы жаңа кестеге көшсе, ақпанда Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында да осы тәртіп орнады.