Өскеменде атмосфералық ауа мониторингінің бірыңғай жүйесі құрылады
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов "Өскемен Тынысы" экологиялық қорғау бюросы, жауапты басқарма және департамент өкілдерінің қатысуымен экология мәселелері бойынша кеңес өткізді

Жиында Өскемендегі қолайсыз метеорологиялық жағдай мен атмосфералық ауаның жай-күйі талқыланды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Мұндай күндері ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес кәсіпорындар шығарындылар көлемін азайтуы тиіс. Кеңесте бірқатар компанияның экологтарды өз аумағына кіргізбей, өлшеулер жүргізуге мүмкіндік бермеуі қаралды. Облыс орталығындағы 22 кәсіпорын автоматты бақылау жүйесін орнатып, тиісті департамент қызметкерлерінің кедергісіз кіруін қамтамасыз етуі тиіс.
"Өскемен Тынысы" бюросының өкілдері қалада датчик орнату қажет орындардың картасы әзірленгенін, оған бұрын-соңды атмосфералық ауаның жай-күйі талданбаған шағын аудандар да енгізілгенін атап өтті.
"Қазгидрометтің” бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан датчиктерін ауыстырып, оларды бірыңғай мониторинг жүйесіне біріктіру қажет. Бұл мәселені цифрландыру және мұрағаттар басқармасы қолға алуы тиіс. Осылайша, біз шекті рұқсат етілген концентрация көлемінің қай жерде артқанын көре аламыз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі экологиялық жағдайға өнеркәсіптік кәсіпорындар ғана емес, қоғамдық көліктердің де әсер ететінін жеткізді. Қазіргі таңда тек бір автобус паркі электр автобустарын сатып алып, сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Аймақ басшысы барлық тасымалдаушыға отынның неғұрлым экологиялық түрлеріне кезең-кезеңімен көшу бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Өскемендегі жеке сектор 29 мыңға жуық жер үйді құрап отыр. Блокты-модульді қазандықтарды орнату, үйлерді профициті бар жылу көздеріне қосу туралы ұсыныс осыған дейін де айтылды. Оның ішінде Согра ЖЭО және №8 қазандық бар. Қала әкімдігі бұл мәселені тұрғындармен талқылауы керек.
Сондай-ақ облыс әкімі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының орнын анықтауды тапсырды. Ол көгалдандыру бағдарламасын қайта қарап, мамандарды тарту керектігін жеткізді.
Қаланы аралап, тұрғындармен сөйлесу керек. Мәселеден қашпай, жауапкершілікті өз мойындарыңызға алуларыңыз қажет, - деді Нұрымбет Сақтағанов.