Өскемендегі №3477 әскери бөлімінің қабырғасы қаланғанына 65 жыл
Әскери бөлім мемлекет үшін аса маңызды нысандарды күзетеді

Өскемендегі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №3477 әскери бөлімінің құрылғанына 65 жыл толды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Ертіс концерт" мәдениет сарайының холында қару-жарақ көрмесін ұйымдастырылып, қонақтар бүркіт ұстаған саятшымен суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Әскери бөлімді құттықтау мақсатында қала әкімнің орынбасары, шаһардағы түрлі бірлесе әрекет ететін орган өкілдері, өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлім командирлері, әскери бөлім ардагерлері арнайы келді.
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Дәурен Джагиппаров мінсіз қызмет еткен және жауынгерлік дайындық барысында үздік деп танылған бірқатар әскери қызметшілерді марапаттады.
Әскери бөлімнің 65 жылдығы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Жалпы, 65 жыл бұл аз уақыт емес. Сонау қатпарлы тарих беттерін ақтарып, өткенге көз тастасақ, әскери бөлім тәуелсіздік алғанға дейін және тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін еселі қызмет атқарып, құқықтық тәртіп әскері әлеуетін арттырды. Әскери бөлім қызметшілері өздеріне артылған зор сенімді абыроймен атқарып, ел әскерінің дамуы жолында сүбелі үлес қосып келеді, - дейді №3477 әскери бөлім командирі полковник Руслан Есенғалиев.
Меймандар құттықтау тілектерін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар, көгілдір экран арқылы еліміздің танымал эстрада жұлдыздары да ақжарма құттықтауларын білдіріп, ұландықтардың Отан қорғау жолындағы қызметтеріне толайым табыс тіледі.
Құқықтық тәртіп әскерін ішкі қауіпсіздіктің қалқанына балаймыз. Ендеше, 1975 жылдан 1995 жылдар аралығында мен де ел қалқанына айналып, еліміз үшін стратегиялық маңызды нысанды күзетуде табанды қызмет еттім. 20 жыл ішінде сүрлеуі көп жауынгерлік жолда қаруластар қатарынан қимас жора-жолдас жолықтырдым. Қазіргі таңда зейнеттік демалыстамын. Әскери бөлімде тапсырылған жұмыстың қаншалықты ауырлығына қарамастан жауынгерлер борыштарын жоғары деңгейде орындап жатқан ұландықтарға сәттілік тілеймін, - дейді №3477 әскери бөлім ардагері Василий Чуб.
Жауынгерлік қызметтегі үздік әскери қызметшілер марапатталып, шырайлы кеш думанды концерпен жалғасын тапты.