ШҚО-да иппотерапиямен оңалту әдістері үйретіледі
500-ден астам адам Amanzholov University-ден бейімделген ат спорты және иппотерапия әдісі бойынша оңалту курсынан өтті

Бұл – тірек-қимыл аппараты бұзылған, церебралды сал ауруы (ДЦП), аутистік спектрдің бұзылыстары және неврологиялық аурулары бар адамдарды емдеудің заманауи тәсілі. Әдіс атқа мінгізу арқылы оңалтуға негізделген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Университет бұл курстарды 2014 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры "АқТаймен" бірлесіп өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бес жүзден астам адам осы оңалту әдісін үйренді. Курсты тәжірибелі инструктор Екатерина Руденко жүргізеді.
Менің 13 жылдық тәжірибем бар, сондықтан бұл әдістің нәтижелілігін тек ғылыми зерттеулерден ғана емес, өз тәжірибемнен де жақсы білемін. Аттың қозғалысы, әсіресе баяу жүрісі кезінде емделушінінің денесі табиғи адам жүрісіне тән толқынды тербелістер жасайды. Бұл адамның көптеген бұлшықеттерін белсенді қозғалысқа келтіріп, икемділікті және жалпы физикалық жағдайды жақсартады, – деді Екатерина Руденко.
Ат спорты кешені базасында өтетін иппотерапия сеансы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен емделуші жануармен тіл табысып, сенімді байланыс орнатады. Содан соң Екатерина Руденконың бақылауымен ат үстінде арнайы таңдалған жаттығуларды орындайды.
Бірнеше күн бұрын ғана кезекті оқыту курсы аяқталды. Бұл жолы бірегей әдістеме бойынша ШҚО, БҚО, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Алматы облыстарынан 12 адам оқып шықты. Олардың барлығы ерекше балалар мен олардың ата-аналарына қол ұшын беретін иппотерапия бойынша инструктор болуды жоспарлап отыр. Тіпті 2022 жылы ата-аналар қауымдастығы Алматыда бейімделген ат спорты қызметін енгізу туралы петиция да көтерген.
Оқу барысында біздің қатысушылар барынша пайдалы және өзекті ақпарат алады. Теориялық бөлім бүкіл жұмысты ұйымдастыру кезеңіне және аттың адам ағзасына әсер ету механизмдерін зерттеуге бағытталған. Практикалық бөлімде атқа дұрыс отыру және пациентті бақылау дағдылары кіреді. Педагогикалық немесе медициналық білімі бар мамандар курсты жеңіл меңгеріп кетеді. Бірақ біздің тарапымыздан диплом бойынша нақты талап жоқ, - деді Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының маркетинг-менеджері Камшат Хамзина.
Курстан өту үшін Астанада арнайы топ жинап, университет арқылы оқуға өтініш бердім. Екатерина – өз ісінің шебері. Алған біліміміздің арқасында қазір астанада паралимпиадалық ат спорты қарқынды дамып келеді. Өзім де осы салады еңбек етудемін, - деді курсқа қатысушы Әмина Есина.
Мен осы курсты 2021 жылы оқығанмын. Риддерде реабилитолог-инструктор ретінде жұмыс істеп, алған білімімді әлі күнге дейін қолданып келемін. Иппотерапияны қосымша ем ретінде бастап, бүгінгі күні тақымы мықты спортшыға айналған емделушілер де бар. Әртүрлі жарыстарға барып, медальмен оралып жатады, - деді Анастасия Козьмина.