Биыл ШҚО-да "Ауыл аманаты" бойынша 4,5 млрд теңге қарастырылған
Бұл қаржы туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға берілмек

Бұл туралы облыстық әкімдік отырысында ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында "Ауыл аманаты" жобасы 2023 жылдан бері іске асырыла бастады. Негізгі мақсат - ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту.
Өңірде "Ауыл аманаты" жобасын іске асырудың бірінші кезеңі 105 ауылдық округке және 4 шағын қалаға скрининг жүргізуден басталды, оның негізінде әрбір округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді, - деп атап өтті Ажар Қажыбекова. - Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаны іске асыру мақсатында 2023 жылы 213 өтінім бойынша 1 535 млн теңге көлеміндегі кредит беріліп, 235 жұмыс орны құрылды. Аталған қаражат толығымен игерілді. Бір кредиттің орташа сомасы 7,2 млн теңгені құрады.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жұмыссыздар саны азайды. Оның деңгейі 4,6 пайызды құрады (2023 жылдың 1 тоқсанында - 4,8%), жеке кәсіпкер саны 2,3 пайызға артты, кейбір аудандарда отбасының орташа жалақысы 9,6 пайызға өсті, ірі қара мал басы 0,8 пайызға артты, жылқы саны 0,9 пайызға өсті, ұсақ мал басы 0,4 пайызға артты.
2024 жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен Шығыс Қазақстан облысына 7 млрд 039 млн теңге жоспарланған, алайда 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді.
Барлығы 135 жоба қаралып, нәтижесінде 72 жоба мақұлданды және жалпы сомасы 1,0 млрд теңгеге несие берілді, оның ішінде:
- Туризмді дамыту бойынша жалпы сомасы 473,6 млн теңгеге 29 жоба іске асырылды;
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үшін жалпы сомасы 306,3 млн теңгеге 26 жоба іске асырылды;
- Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жалпы сомасы 70,8 млн теңгеге 6 жоба іске асырылды;
- Басқа да ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығымен байланысты емес бизнес-жобаларға жалпы сомасы 149,3 млн теңгеге 11 жоба іске асырылды. Жоспарда 163 жаңа жұмыс орнын құру күтілуде.
Былтырғы қайтарым қаражаты көлемі 133 млн теңгені құрады. Осы қаражат есебінен 59,0 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және туризмді дамытуға екі ауылшаруашылығы кооперативтеріне кредит берілді.
Ағымдағы жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 3,0 млрд теңге, ал 2024 жылғы ауыспалы қаражатты ескерсек – барлығы 4,5 млрд теңге көзделген. Бөлінген қаражатты туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға беру жоспарланған.