ШҚО-да ер адам түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болған
ШҚО-да ҚР ІІМ ҚАЖК-ге қарасты №18 мекемесінің қызметкерлері мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің қарауыл қызметінің сақшылары түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болған ер адамды ұстады

Мекеме аумағынан жақын жерде қара түсті дорба ұстаған 41 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Тексеріс кезінде оның ішінде ерекше құрылғы табылған. Скотчпен мықтап оралған электродқа шағын қорапшалар бекітілген. Әсіресе электродтың басына орнатылған шағын ша назар аудартты. Ұсталған азаматтың айтуынша, бұл шам “сәлемдеменің” қардың арасында жоғалып кетпеуіне көмектесу керек болған. Алайда, бұл айласы іске аспаған.
Тыйым салынған заттардың ішінен тропикамид препараттарының қаптамалары байқалды. Толық тексеріс барысында тропикамидтен бөлек, телефон, ерекше иісі бар жасыл түсті шөп, белгісіз дәрілер және ойын карталары табылды. 41 жастағы азамат ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді, - деп мәлімдеді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.