Учаскелік полиция инспекторы – әмбебап полицей
Учаскелік полиция қызметкері құқықтық тәртіп пен билік органдарының халыққа ең жақын өкілі, ішкі істер органдары мен халықтың арасын байланыстырушы буын

Өйткені учаскелік полиция қызметкері өзі қызмет ететін аумақ тұрғындарына көмек көрсетіп, отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық заңбұзушылықтарды болдырмауды мақсат тұтып, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Учаскелік полиция қызметкері – бірнеше міндеттерді орындайтын әмбебап полицей азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, белгілі бір адамдарға профилактикалық есеп жүргізеді, жалға алынған тұрғын жайды бақылайды, пәтерлерді аралайды, өз құзыреті шегінде құқықтық және басқа да көмек көрсетеді.
Полиция майоры Қайрат Маткаримов Өскемен қаласы Полиция басқармасы Ертіс полиция бөліміне қарасты Солжағалау ауданындағы №19 учаскелік полиция пунктінде қызмет етеді. Таң бозынан басталатын оның жұмысы түн ортасына дейін жалғасады.
Күнделікті таңғы 9.00-де жиналыс болады. Жиналыс барысында жұмыс бабы күнделікті тапсырмалар беріледі, – дейді Қайрат Тосымұлы. – Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік сотқа құжаттарды тіркейміз. Тиесілі учаскелік аумақты аралап тұрғылықты халықпен профилактикалық әңгіме жүргіземін. Кешкі сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін учаскелік пунктіде азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаймын. Түнгі уақытта есепте тұратын шартты түрде босап шыққан азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексереміз
Солжағалау кентінде шамамен 12 жарым мың халық тұрады. Мұндағы тәртіпсіздіктің дені ащы судың салдарынан болатын көрінеді.
Учаскелік аумақта ішімдік ішетіндер бар. Олардың барлығын бақылауда ұстау керек. Заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында олардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп, олармен профилактикалық әңгіме жүргіземіз, – дейді полиция майоры.
Қайрат Тосымұлы қызмет барысында қауіпті, стрестік жағдайлар көп болатынын айтады.
Кей жағдайларда секундтар ішінде маңызды шешім қабылдау қажет, ал оның салдары күрделі болуы мүмкін. Полиция қызметіндегі қиыншылықтарға қарамастан, бұл мамандықтың маңызы зор. Қоғам тарапынан қолдау мен құрмет болса, полиция қызметкерлері өз міндеттерін адал әрі тиімді атқара алады, – дейді ол.
Ішкі істер органдарындағы жұмыс өтілі жиырма жылға жуықтаған Қайрат Тосымұлы бұл мамандықты бала күнінен арман еткен.
Қазіргі Самар ауданы Бастаушы ауылындағы Абай атындағы орта мектепті тәмәмдап, Алматы қаласында әскери борышымды атқарып келдім. Кейін Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы университетке оқуға түсіп, заңгер мамандығын меңгеріп шықтым. Сөйтіп ішкі істер органына жұмысқа орналасуға бел будым. Себебі бала кезгі арманым полиция қызметкері болу еді. Бала кезіндегі арман – адамның болашаққа деген ұмтылысының алғашқы қадамдары. Полиция қызметкері болуды армандау – тәртіпті сақтау, адамдарға көмектесу және әділдікті қорғау деген асыл құндылықтарға ұмтылыс, – дейді полиция майоры.
Айта кеткен жөн, Қайрат Тосымұлы көпбалалы әке. Зайыбы екеуі төрт қыз өсіріп отыр.
Менің отбасым қызметімнің күрделілігі мен жауапкершіліктің жоғары екенін жақсы түсінеді. Полиция қызметкері үшін отбасы – демалып, қолдау табатын, өміріне мән беретін маңызды орта. Жақындарының қамқорлығы мен түсіністігі олардың қызметін абыроймен атқаруына көмектеседі. Сол себепті менің отбасымда өзара құрмет, сенім мен сүйіспеншілік маңызды рөл атқарады, – дейді көпбалалы майор.