Өскеменде тәжік-ауған шекарасында шейіт болған жауынгерлер есімімен сыныптар ашылды
Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін №49 орта мектебінде "Жас бүркіт" әскери-патриоттық клубы оқушыларының ант қабылдау рәсімі өтті

Шара барысында білім ордасында "Жас бүркіт" сыныптары ашылып, оларға тәжік-ауған шекарасында шейіт болған бес жауынгердің есімдері берілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Атап айтқанда қатардағы жауынгерлер Тахир Райымжанов, Еркебұлан Мақажанов, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов ныспыларымен әскери-патриоттық сыныптары аталатын болады.
Білім нысанында ұйымдастырылған патриоттық іс-шараға "Шығыс" өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев және 5518 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Серік Ноғаев қатысты.
Шара мақсаты әскерге дейінгі жастардың бойына патриоттық рух дарыту. Сондықтан біз аймақтағы "Жас Бүркіт" әскери-патриоттық клубтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ант қабылдау рәсімінен бөлек, ерлік сабақтары, ашық есік күндері сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз, - дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев
Сонымен қатар Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне арнайы он жеті жауынгердің есімі жазылған төсбелгілер тағылды.