ШҚО кітапханасында алғашқы нейро-ассистент жұмысын бастады
ШҚО-да DosAI – Қазақстандағы тұңғыш кітапханалық нейро-ассистенттің таныстырылымы өтті

Бұл оқырманға да, кітапханашыларға да көмекші болмақ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Облыс орталығындағы А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада өткен тұсаукесерге аудан, қала кітапханашылары, IT саласынының мамандары, студенттер, білім мен мәдениеттегі инновацияларға қызығушылық танытқан қала тұрғындары қатысты.
Инновациялық ассистенттің әзірлеушісі – кітапхана волонтері, кітапханадан тәжірибе өтуші, Өскемен экономика және техника колледжінің студенті Денис Кушнарев қатысушыларды нейро-ассистентпен толық таныстырды.
DosAI сандық ассистенті кітапхананың негізгі сайтына (www.pushkinlibrary.kz) біріктіріліп, пайдаланушылардың сұрақтарына жедел жауап беріп, қажетті ақпаратты табуға, кітаптарды таңдауға, пайдаланушының қалауын саралап, оның қалауынан шығатын кітаптарды ұсынуға көмектесіп, пайдаланушылардың сандық сауаттылығын арттырады. Мысалы, DosAI кітапхананың жұмыс тәртібі туралы, қалай кітапхана оқырманы болуға болады, ағымдағы іс-шаралар, кітапханада жұмыс істейтін үйірмелер мен клубтар, кітапхананың қандай ресурстарынан өлкетану сипатындағы ақпаратты табуға болады және басқа да сұрақтарға жедел түрде жауап береді.
Кітапхананың нейро-ассистенті пайдаланушылардың кітапханамен күнделікті қарым-қатынасында таптырмас көмекшіге айналып, оны мүмкіндігінше ыңғайлы әрі тиімді ете түседі. Қажетті әдебиеттер мен ақпаратты іздеудің ыңғайлылығы мен тиімділігін арттыруға, кітапхана ресурстарының қолжетімділігін дамытуға мүмкіндік береді. Электрондық каталог, жинақтар және т.б. қамтитын ақпараттық-кітапханалық өнімдер мен қызметтерді ілгерілетудің таптырмас құралы болмақ, - деді кітапхана директоры Назым Тілеубекова.