Мұз үстіндегі қауіпсіздікті сақтамағандарға айыппұл салынады
Жыл басынан бері ШҚО ТЖД құтқарушылары су айдындарында жүргізген рейд барысында 28 азаматтың қауіпсіздік шараларын бұзғаны анықталды

Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен және полицейлермен бірлесіп 100-ден астам рейд жүргізген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Су қоймаларына барлық құтқару құралдары сақадай сай келген балықшыны сирек кездестіресіз. Көбінесе олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, мұзға шығады. Сонымен қатар, кейбір әуесқойлар қарапайым қауіпсіздік шараларын елемей, мұз үстіне көлікпен шығып кетеді, - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқарушылар апта сайын профилактикалық рейдтер жүргізуде. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен және полицейлермен бірлесіп 2025 жылдың басынан бері 100-ден астам рейд жүргізді, балықшыларға 1600-ге жуық нұсқаулық таратылды.
Айта кеткен жөн, мұздағы қауіпсіздік шараларын бұзғаны үшін ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 412-бабы бойынша 28 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Балықшылардың назарына:
1. Мұз үстінде шектеулі аумақта көп шұңқыр тесіп, үлкен топтармен жиналуға болмайды.
2. Бір ұшында ілмек жасалған Ұзындығы 12-15 метр сым түрінде құтқару құралы болуы керек.
3. Су қоймасын мұз үстінен шаңғымен өту кезінде төселген шаңғы жолын пайдалану ұсынылады.
4. Мұздың қалыңдығы адамдар үшін кемінде 10 см, жеңіл автомобильдер үшін кемінде 30 см қауіпсіз деп саналады.
5. Мұзға шығып бара жатқандығыңыз туралы ақпаратты туыстарыңызға немесе таныстарыңызға ескертіп, ауа райының болжамын нақтылауыңыз керек.
6. Өзіңізбен бірге ұялы телефон алып, оның қуаты толық болуын қадағалаңыз.
7. Егер құтқарушылардың көмегі қажет болса, "112" телефоны бойынша хабарлаңыз.