Өскеменде кәсіпкерлерді қолдау штабы құрылды
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың бастамасымен кәсіпкерлерді қолдау штабы құрылды

Отырыс барысында кейбір кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, жер мәселесін шешу және өндірісті кеңейтуге қатысты қолдау көрсету талқыланды.
Штабтың негізгі мақсаты жаңа бизнес жобаларға жол ашу және мемлекет пен бизнес арасында тиімді байланыс орнату, - деді қала әкімі Алмат Ақышов.
Кәсіпкерлердің бірі ұлттық тағам өндірісін қолға алған. Ол болашақта саумал терапиясын ашып, коллаген сорпа шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпкер бизнесін кеңейтіп, өндіріс базасын салу үшін жер телімін алуға мұқтаждығын жеткізді.
Екі жылдай қазақстық ұлттық өнімдерімен айналысамын. Малды сойғаннан бастап, 27 түрлі ұлттық өнім шығарамыз. Еш нәрсесін ысрап қылмай, сүйегін 22 сағат қайнатып, коллаген сорпа және шұжық сияқты басқа да өнімдер жасаймыз, - дейді кәсіпкер Нұржан Қасенов.
Сонымен қатар, "Пасека" шаруа қожалығы да бал өнімдерін қаптайтын зауыт салу үшін жер учаскесін бөлу мәселесін көтерді.
"QUARTZ" жеке кәсіпкерлігі қалдық әйнек пен керамикадан түрлі сувенирлік бұйымдар жасаумен айналысады. Эко-кәсіпкер Людмила Евженкова киім-кешекті қайта өңдеп, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған жаңа өнімдер шығармақ. Ал "GASSAK" киім бренді өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында бірнеше тігін машинасын және логотип басуға арналған принтер сатып алуды жоспарлап отыр.
Штаб отырысы айына екі рет өткізіледі деп жоспарлануда.