ШҚО-да 2025 жылы мұқтаж азаматтарға 180 пәтер салу жоспарланып отыр
Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінбек
ШҚО құрылыс, сәулет және қала басқармасының мәліметіне сәкес өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 113%-дан астам өсу көрсетеді. Оның ішінде 265 мың шаршы метр аумақты қамтитын 31 көпқабатты үй салынды. "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында 30 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.
Халықтың қаражаты есебінен 106 мың шаршы метрден астам жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы тұрғын үйлерді сатып алуға шамамен 15,6 млрд теңге бөлініп, бұл қаражатпен 750 пәтер сатып алынды. Олардың ішінде көпбалалы аналарға арналған 232 пәтер сатып алынып, пайдалануға берілсе, ал әлеуметтік осал топтарға 518 пәтер ұсынылды. "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында Өскемен қаласында 31 үй және басқа аудандарда 391 үй салынды, олардың жалпы ауданы 30 мың шаршы метрден асады, - дейді ШҚО құрылыс, сәулет және қала басқармасы.
Аталған бағдарлама аясында салынған үйлер заманауи стандарттарға сәйкес сапалы құрылыс материалдарымен жабдықталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда. Жаңа үйлердің бой көтеруі ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарының ашылуына да ықпал еткен.
2025 жылға жоспар бойынша 12 мың шаршы метрді құрайтын 180 пәтер салу және сатып алу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінеді. Бұл шаралар өңірдегі тұрғын үй қорының дамуын қамтамасыз етіп, мұқтаж азаматтарды қолдауға мүмкіндік береді, - деп хабарлады ШҚО құрылыс, сәулет және қала басқармасы.