ШҚО-да туберкулез ауруының көрсеткіші төмендеді
ШҚО-да өткен жылдың қорытындысы бойынша туберкулездің эпидемиологиялық көрсеткіші азайған
Бұл туралы ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина Өңірдік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жыл бойы бактерия бөлетін туберкулездің 121 ошағы тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17,7%-ға аз (147 ошақ). Оның ішінде 97-і жаңа ауру жағдайы, ал 24-і қайталанған жағдайлар. 2023 жылы жаңа жағдайлар саны 107, ал қайталанған жағдайлар саны 40 болған, - деді Сәуле Слямғазина.
Туберкулезбен күрестегі негізгі әдістердің бірі ауруды ерте анықтау. Осы мақсатта 2024 жылы Манту сынамасы арқылы туберкулезді ерте анықтау белсенді түрде жүргізілген. Бұл шарамен 94,3% қамтылып, 38 181 баланы тексеру жоспарланса, 36 000 бала тексерілген. Тексеру нәтижесінде екі туберкулездің ерте сатыдағы жағдайы және 132 туберкулинге оң нәтиже берген бала анықталған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін мамандар 41 тексеру жүргізіп, 36 санитарлық-эпидемиялық шараларды ұйымдастыру туралы қаулы шығарды. Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтар үшін 276 900 теңге көлемінде 5 әкімшілік айыппұл салынды, - деп атап өтті Сәуле Слямғазина.
Туберкулезге қарсы күрестегі маңызды бөлік жаңа туған нәрестелерді БЦЖ вакцинациясымен қамтамасыз ету. 2024 жылы бұл вакцинаны 97,4% бала алған. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстарының арқасында екпеден бас тартқан ата-аналардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға төмендеген.