Өскеменде кәсіпкерлерді қолдауға арналған гранттар бөлінеді
Өскеменде кәсіпкерлікті дамыту бойынша жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді
Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы облыс орталығында бизнесті қолдауға арналған грант алу үшін 197 өтінім беріліп, оның ішінде 80 үздік жоба қолдау тапқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Грант иегерлерінің қатарында 41 көпбалалы отбасы, 14 мүгедек, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, қандастар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар болған.
Грант мөлшері 400 АЕК, яғни шамамен 1,5 млн теңгені құрайды. Барлық берілген гранттар бойынша жалпы қаржыландыру сомасы 118 млн теңгеден асты. Грант иегерлері өздерінің бизнес-идеяларын әртүрлі салаларда табысты жүзеге асырып жатыр. Газоблоктар өндірісі, тротуар плиткаларын жасау, мал және құс шаруашылығы, кондитерлік өнімдер әзірлеу, сондай-ақ тігін ісі, сауда, шаштараз қызметі және басқа да көптеген бағыттарда. Жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін "Бастау Бизнес" жобасы жұмыс істейді. Өткен жылы осы жоба аясында оқуға 503 адам жазылып, оның 328-і білім алу бағдарламасын сәтті аяқтады. Кәсіпкерлікті дамытуға атсалысып жүрген адамдардың барлығына алғысымызды білдіреміз және өз жобаларыңызды жүзеге асыруды жалғастыруға шақырамыз,- дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.