ШҚО-да 2025 жыл - "Денсаулық сақтау жылы" болып жарияланды
Бүгін өңір басшысы Ермек Көшербаевтың қатысуымен ШҚО мәслихатының кезекті 19-сессиясы өтті
Онда 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет бекітілді, деп хабарлайды Устинка LIVЕ тілшісі.
ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, қаржыландыру мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, Мемлекет басшысы мен Үкімет тапсырмаларын орындауға бағытталады.
Сессия барысында облыс әкімі бюджет қаражатының бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешуге арналатынын атап өтті. Әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыс көлемі жалпы бюджеттің шамамен 60 пайызын құрайды.
2024 жыл "Жол жылы" болып жарияланған еді. Соның аясында 600 шақырым жол жөнделіп, рекордтық көрскткіш орнады. Аталған тәжірибенің оң нәтижесін және денсаулық сақтау инфрақұрылымының қазіргі жағдайын ескере отырып, 2025 жылды "Денсаулық сақтау жылы" деп жариялау туралы шешім қабылданды. Аталған салаға жұмсалатын қаржы көлемін ұлғайту жоспарланып отыр, - деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.
Осылайша, келер жылы 21 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізу, 126 медициналық құрал-жабдық пен 36 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарға алынды.
2025 жыл облыс әкімінің шешімімен "Денсаулық сақтау жылы" болып жарияланды. Бөлінген қаражат көлемі биылғымен салыстырғанда 1,7 есеге артып, 46 457,2 миллион теңгені құрады, - деді ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Белбеев.
Сондай-ақ 57 дәрігерді шетелде (Түркия, Германия, Ресей), 66 дәрігерді резидентурада оқыту жоспарланып отыр. Облыстық арнайы медициналық орталыққа 450 миллион теңгеге жаңа КТ аппараты алынады.
Келесі жылы қолға алынатын тағы бір жұмыс бағыты – қоғамда еңбексүйгіштік пен кәсібилік идеясын насихаттау. Осылайша, "Жұмысшы мамандықтар жылы" бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында облыстық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта қосымша 270 жаңа грант бөлінді.