ШҚО-да қатерлі ісікті ерте анықтайтын эндоскопиялық диагностика орталығы ашылды
Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығында халықаралық стандарттарға сай жабдықталған эндоскопиялық диагностика орталығы өз жұмысын бастады
Ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Көшербаев пен еліміздің штаттан тыс бас онкологы, "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVЕ тілшісі.
Жаңа орталықта жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды пайдаланып, эндоскопиялық тексерулер мен шағын инвазивті оталарды жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, аурудың асқынуын тоқтатады. Сонымен қатар, науқастарға седация кезінде қауіпсіз әрі ыңғайлы процедуралар ұсынылмақ.
Жаңа орталықтың ашылуы онкологиялық ауруларға қатысты көптеген мәселені шешуге септігін тигізеді. Ерте диагностика маңызды. Соның арқасында науқас өз уақытын, дәрі-дәрмек пен қаражатын үнемдей алады. Аурудың алдын алуға да назар аудару керек. Ота бөлмесінде онколог дәрігерлер күн сайын науқастардың өмірі үшін күресіп, ең күрделі операцияларды жасайды. Облысымызда онкологиялық аурулардың алдын алуға және емдеуге мүмкіндік беретін осындай орталықтың барына қуаныштымыз, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ биыл облыстағы шалғай аудандардың халқы Өскеменге келіп скринингтен өтті. Маралды және Катонқарағай ауданында тұратын әйелдер алғашқылардың бірі болып тексерілді. Орталықта басқа да шалғай аудандардың тұрғындары үшін түрлі аурулар бойынша Ашық есік күндері өтіп тұрады.