ШҚО-да жас жыл үздіктері анықталды
ШҚО - да "Jastarmen birge"жыл үздіктерін марапаттау рәсімі өтті
Облыс басшысы Ермек Көшербаев белсенді жастармен кездесіп, марапаттады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Аймақ басшысы жастардың бастамаларымен танысып, әрқайсымен жеке әңгімелесті. Шара соңында жалынды жастарға бірнеше аталым бойынша "Шығыс Қазақстан облысы әкімінің мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін" сыйлығы мен 300 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. "Жыл көшбасшысы" номинациясының жеңімпазы "Серпін" жобасының қатысушысы, Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Дінмұхаммед Серікбай, "Еңбек адамы" номинациясының жеңімпазы Өскемен титан-магний комбинатының өнімді өткізу бөлімінің бас маманы Таир Куралбаев, "Жыл қаһарманы" номинациясының жеңімпазы ШҚО ТЖД Шемонаиха қаласы №28 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші- құтқарушысы Думан Кенжебеков атанды.
Облысымыздың белсенді жастарымен кездестім. Түрлі мәселелерді шешуге атсалысып, жаңа идеялар мен тың бастамаларды ұсынатын жастар санының жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Олар еріктілікпен айналысып, жаман әдеттермен күресіп, экология мен адам құқығын қорғауда. Кездесу барысында жастардың қол жеткізген жетістіктеріне ерекше тоқталып өттім. "Жыл қаһарманы" номинациясы бойынша Шемонаиха ауданының өрт сөндірушісі Думан Кенжебеков үздік атанды. Ол тілсіз жаудан 10 адамды құтқарып қалған. Оның ішінде алты бала бар. Думанның ерлігі мен өз ісіне деген жауапкершілігі көпке үлгі. Сондықтан оны мемлекеттік наградаға ұсындым. Жастардың қол жеткізген табысы мен олардың болашаққа деген жоспары мені ерекше қуантты, - дейді облыс әкімі Ермек Көшербаев.