Өскеменде отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөнінде өңірлік кеңес өтті
Өскемен қаласында "AMANAT" партиясы ШҚО филиалының ұйымдастыруымен отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті

Кеңес мүшелері мектеп асханалары, интернат мекемелері және Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мониторинг нәтижелерін талқылап, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар енгізді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Балаларға спорттық секцияларға және шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік тапсырыс аясында тегін қатысу мүмкіндігін ұсыну мәселесі де назардан тыс қалмады. ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы спорттық нысандардың құрылысы мен ерекше қажеттіліктері бар адамдардың спортпен шұғылдану деңгейін арттыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ШҚО мәдениет басқармасы балаларға арналған шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша жұмыстарын баяндады.
Партияның қоғамдық кеңестері өз кезегінде жергілікті атқарушы органдарға қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныс пікірлерін білдіре отырып, бірлесе тиімді жұмыс атқаруы қажет,-деді "AMANAT" партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нуркенов.
Сонымен қатар, кеңес отырысында қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелер де қарастырылды. Telegram арналары мен әлеуметтік желілерде суицидке шақыратын мазмұндағы жарияланымдарды анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізу, әр мектепке кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды бекіту, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлар деректер базасын құру мәселелері талқыланды.