Өскемендегі кішкентай Отан қорғаушылар ант берді
Өңірдегі "Жас бүркіт" әскери-патриоттық клубының өркен жаюына Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қарқынды үлес қосуда

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектебінде оқушылардың ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Білім алушылар үшін маңызы бөлек шараға "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев және өңірлік қолбасшылық қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев қатысты.
Шара мақсаты - жастардың бойына патриоттық рух дарыту. Сондықтан біз аймақтағы "Жас бүркіт" әскери-патриоттық клубтарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ант қабылдау рәсімінен бөлек, ерлік сабақтары, ашық есік күндері сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз, - дейді полковник Атабек Салықбаев.
Шара барысында білім ордасында кадет сыныптары ашылып, оларға тәжік-ауған шекарасында шейіт болған 17 жауынгердің есімдері берілді. Атап өтсек, бірінші кадет взводы кіші сержант Әлихан Өгізбаев есімімен аталса, қатардағы Еркін Байғабыловтың есімі екінші кадет взводына берілді. Сонымен қатар, Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ант берген оқушылардың кеудесіне арнайы 17 жауынгердің есімі жазылған төсбелгілер тағылды.