ШҚО-да жас жауынгерлер әскери ант берді
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы №27943 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге келген 400-ге жуық сарбаз ант берді
Қарулы Күштердің қатарына іліккен жігіттер еліміздің 12 аймағынан жиналған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Салтанатты жиынға әскерилер, олардың ата-аналары мен қала тұрғындары қатысты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сарбаздар бізге бір ай бұрын келді. Осы уақыт ішінде олар әскери тәртіппен танысып үлгерді. Бүгін сарбаздар ант қабылдауда. Олард елге қызмет ететін бір жыл ішінде бар білгенімізді, әскери ұрыс тактикаларын, қару-жарақ ұстауды толық үйретеміз. Біздің әскери бөлімге келген сарбаздар Отан алдындағы борышын абыроймен атқарады деп сенемін, – деді Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы №27943 әскери бөлімі командирі полковник Азамат Абикенов.
Балаларының ант беру рәсіміне қатысқан ата-аналар қауымы ерекше сезімде болды. Ал жас сарбаздар бір ай ішінде меңгерген әскери ұрыс тәсілдерін, саптық жүрістерін паш етіп, жоғары деңгей көрсете білді.
Алдағы бір жыл ішінде балам темірдей тәртіпке бағынып, әскери өмірдің қызығы мен қиындығына тез бейімделетініне сенемін. Ол Отан қорғау деген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін, - деді жас сарбаздың анасы Эмира Дауренбекова.
Облыс орталығында ант қабылдаған 400-ге жуық сарбаздың жетпіске жуығы шығыс өңірінің тумасы.
Бүгін Отан алдында ант бердім. Бұл салтанатты шара жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Осы бір ай уақыт ішінде сержанттар мен офицерлер бізге әскери өмірді үйретуде, – деді жас сарбаз Ақжол Түгел.