ШҚО-да үздік ауылшаруашылық қызметкерлері анықталды
Өткен жексенбіде Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді
ҚР Президентінің атынан облысымыздың ауыл шаруашылығының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен Күршім ауданы "Ерасыл" шаруа қожалығының басқарушысы Достық Катанов, Өскемен қаласы "Шығыс-Сүт" корпорациясы" ЖШС-ның өндіріс басшысы - бас технологы Шынар Сембаева, Алтай ауданы "Средигорное-2" ЖШС-ның сауыншысы Гүлмира Сейілханова марапатталса, Зайсан ауданы "Сәтбай" шаруа қожалығының басшысы Қайрат Адиков "Құрмет" ордені, Өскемен қаласы "Aitas KZ" АҚ сыртқы байланыстар және GR жөніндегі вице-президенті Рабиға Тоқсеитова "Парасат" ордені табыс етілді.
Бұл - еңбек адамдары, бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жандар. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы ең озық технологияларды, соның қатарында цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қарқынды дамып келеді. Облыс аграршыларының уақытпен қатар жүргені қуантады. Біз ҚР Президентінің атынан аталмыш саланың көрнекті қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс еттік, - дейді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ бірқатар ауыл шаруашылығы қызметкерлері ШҚО әкімінің Құрмет грамотасымен, "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.