ШҚО-да автомобиль жолдары қысқы кезеңге толық дайын
ШҚО-да қысқы кезеңге автомобиль жолдарын дайындау жұмыстары аяқталды
Республикалық жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарымен "ҚАЗСервис" ЖШС айналысса, облыстық жолдарды "ОблШығысЖол" ЖШС қызметкерлері қадағалайды. Аудандық жолдарды күтіп ұстау жергілікті мекемелердің құзырында, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қысқы кезеңде қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында 783 бірлік қар тазалау техникасы дайындалды. Оның ішінде автогрейдерлер, әмбебап жол машиналары және қар тазалағыш щеткалы тракторлар бар. Техниканың шамамен 90%-ы жұмысқа жарамды күйде және пайдалануға дайын, - деді ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.
Облыс бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 5262 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1238 км республикалық маңызы бар жолдар болса, 1583 км облыстық маңызы бар жолдар. Ал 2441 км аудандық деңгейдегі жолдар.
Қар көшкіні қаупі бар жерлердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ филиалы "ШҚТЭУ" 20 қарөлшеу-көшкін бағыттарын әзірледі. Бұл бағыттарда филиал мамандары қызмет көрсететін 160 қар өлшеу аспабы орнатылған. Биыл барлық аспаптар қалпына келтіріліп, жөндеуден өтті.
2024 жылдың 15 қарашасынан бастап филиал мамандары қар көшкіні қаупі бар аймақтарға жиырма жерүсті тексерісін жүргізіп, "Қар көшкіні қауіпті аймақ! Абай болыңыз!" деген жазуы бар 40 ескерту белгісін орнатты, - деп атап өтті "Қазселденқорғау" ШҚАПБ басшысы Советбек Станбеков.
Биыл шұңқырларды жөндеу, жол жиектерін нығайту, жаңа жол қоршаулары мен ескерту белгілерін орнату жұмыстары атқарылды.
Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап облыста тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік орталықтар іске қосылды. Бұл орталықтар жолдардың жағдайын бақылап, ауа райының өзгерістеріне жедел түрде әркет етіп, барлық деректерді ТЖД және полиция бөлімдеріне жібереді.
Қысқы ТЖ жою үшін 1717 адам және 686 бірлік техника жұмылдырылатын болады. Құтқару және медициналық пунктер дайын.
Күрделі жерлерде жұмыс істеу үшін 114 бірлік жоғары өтімді техника дайындалған. Оның 25 бірлігі республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында, сондай-ақ қар басу қаупі жоғары аймақтарда орналасқан, - деп хабарлады ШҚО ТЖД басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева.
Өткен жылы облыстық маңызы бар жолдар 44 рет жабылған болатын. Оның басты себептері қардың көп жаууы, боран, тұман, аяз және профилактикалық қар көшкіні жұмыстарын жүргізу. Биыл қабылданған шаралар төтенше жағдайларды азайтуға бағытталған.