Өскеменде әскери борышын өтеген сарбаздарды шығарып салды
Өскеменде Отан алдындағы борышын өтеген екі жүзге жуық сарбаз үйлеріне қайтты
Олар Астана, Алматы, Қызылорда, Абай және Павлодар өңірінен шақыртылған болатын, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінде екі жүзге жуық сарбаз Отан алдыңдағы борышын өтеп шықты. Бір жыл бойы әскери өмірде шыңдалған мерзімдік қызмет әскери қызметшілері көп жылдық тарихы бар әскери ортада берілген тапсырмалар мен қызметтік міндеттерді орындау барысында асқан жауапкершілік таныта білді. Қызметтегі үлгілі тәртібі үшін мерзімді әскери қызметшілерге алғыс хаттар табысталды.
Отан алдындағы борышын өтеп шыққан жігіттер Астана, Алматы, Қызылорда, Абай және Павлодар өңірінен шақыртылған болатын. Сарбаздардың біразы өмірлерін әскери саламен байланыстыруға ықылас танытуда. Әзірше 11 азамат келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға ниет білдірді, - дейді әскери бөлім командирінің орынбасары майор Серік Ноғаев.
Әскери бөлімге сарбаздардың келесі легі Алматы, Жетісу өңірлерінен келеді. Олар желтоқсан айынан бастап әскер қатарына алынбақ.