ШҚО-дағы алғашқы толассыз жауған қар жол қызметтерінің жұмысын қиындатты
Облыс басшысы Ермек Көшербаев облыс аумағындағы жолдардың жай-күйі мен оларды қысқы күтіп ұстау мәселелері бойынша кеңес өткізді
ШҚО-да демалыс күндері ауа райы күрт бұзылып, қар қалың жауып, бірнеше жолдар жабылған еді. Осыған орай облыс әкімі жол қызметтерінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ермек Беделбайұлының айтуынша, негізгі мәселе - ауа райына байланысты ақпаратты жедел қабылдап, жауапты тұлғалар арасында тарату үшін барлық мүдделі басқармалар мен департаменттер арасында дұрыс байланыс орнату қажеттілігі.
Сондай-ақ, облыс басшысы қалалар мен аудандардың әкімдері тұрғындардың шағымына уақтылы жауап беріп, жолдардың қай учаскелерінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы ақпарат беріп отыруы керектігін айтты.
Біз ауа райы қолайсыздығына байланысты ТЖ қызметтерінің ескертуін елемей, жол жабық болса да алыс сапарға шығып кететін жүргізушілер үшін жауапкершілік шараларын қарастыруымыз керек, - деп атап өтті өңір басшысы.
Жиын барысында сыртқы ауа температурасының төмендеуіне байланысты барлық аудандардағы жағдайды бақылау бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.