Өскеменде Құдаш Нұрсадықовтың сурет көрмесі өтеді
Бұл көрме бейнелеу өнерін бағалай білетіндерге арналған
"Құдірет" деп аталатын дербес сурет көрмесі Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында өтеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Сурет көрмесі 15 қарашада сағат 15.00-де Қ. Қайсенов көшесі, 67 мекенжайындағы көрме залында ашылады.
Құдаш Дәулетқанұлы – суретші, кескіндемеші, мүсінші, ұстаз, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, "Жаңғыру" шығармашылық бірлестігінің жетекшісі.
Құдаш Нұрсадықов облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелердің, симпозиумдардың, пленэрлердің белсенді қатысушысы. Оның картиналары Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Кипр сынды шетелдерде де танымал. Ол бірнеше мәрте әртүрлі байқаулардың жүлдегері, ал 2012 жылы "Менің Қазақстаным" атты дәстүрлі аймақтық көрме-байқауының Гран-при иегері атанды.
Құдаш Дәулетқанұлының балалық шағының бақытты жылдары бейнелеу өнеріне деген ерекше сүйіспеншілігі бастау алған Үлкен Нарын ауданының Үштөбе ауылында өтті. Семей педагогикалық институтының (қазірде Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университет) көркемсурет-графика факультетін бітіріп, туған ауылына жұмысқа оралды. Одан кейін Өскемен қаласындағы мектептерде, оның ішінде химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалім болды, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан өнер музейінде жұмыс істеді.
"Құдірет" көрмесі бейнелеу өнерін бағалай білетіндер назарына Құдаш Дәулетқанұлының пейзаж, портрет һәм тақырыптық композициялары арқылы ашыла түсетін ішкі жан дүниесін ұсынады.