Спорт сарайы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағы қайта ашыла ма?
Өскемендіктер Daniel СҮ мен "Статус" дүкені арасындағы жаяу жүргіншілер жолағын қайта ашуды сұрап жүр
Кейбіреулерге 5-6 жыл тұрған жер үсті өткелімен өту ыңғайсыз болса, кейбіреулер бұл маңдағы аллеяға жете алмай жүргендерін алға тартады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен Өскемен полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы Сергей Коваленко қала тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады.
Қала әкімі Жақсылық Омар атап өткендей, қала тұрғындары Назарбаев даңғылы бойындағы орталық аллеяда серуендегісі келеді. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолағын бұрынғы орнына қайтару мәселесі талқылануда.
Ал қаланың бас жол полициясы Сергей Коваленко жаяу жүргіншілер жолағы қайта ашылса, жол-көлік апаты жиілейтінін айтады.
Неліктен бұрынғы өткелді қайтаруға болмайды? Біріншіден, бағдаршам жанған кезде, Назарбаев даңғылы бойымен келе жатқан көліктердің тоқтағанына қарамастан, Абай даңғылынан келе жатқан көліктердің ағыны ұлғаяды. Жаяу жүргіншілер жүре бастағанда Абай даңғылынан оңға бұрылатын жолда кептеліс пайда болады. Екіншіден, түнде бағдаршамның сары түсі жыпылықтап тұрады. Мысалы, бағдаршамды жоспарлы өшіру кезінде де ол сары түс режиміне өтеді. Сол кезде жол-көлік оқиғасы орын алады. Халық арасында "Жер үсті өткелі тұрғанда жолақты ашудың не қажеті болды?" деген сұрақ туындайды, - дейді Сергей Коваленко.
Сергей Коваленко атап өткендей, жер үсті жол өткелін ашар алдында полиция департаменті сараптама жүргізген. Статистика бойынша бес жыл ішінде "Спорт сарайының" жанындағы жаяу жүргіншілер өткелінде 46 жол-көлік оқиғасы орын алған. Жылына 7-ден 14-ке дейін апат болған. Бұл қаладағы ең қауіпті орындардың бірі болғандықтан, осында бірінші жер үсті өткелін салу туралы шешім қабылданған.
Абай даңғылының бойындағы бірнеше автотұрақтарды жойдық. Абай мен Назарбаев даңғылдарының қиылысын оңтайландырып, Астана көшесінің жалғасын салдық. Бірақ адамдар жаяу жүргіншілер жолағын қайтаруды сұрайды. Өйткені оларға аллеяға өтетін жол керек. Қазір ол аллея бос тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен әкімшілік полицияның барлық мүдделі мамандарын қатыстыра отырып, жыл соңына дейін бұл мәселені тағы бір рет қарап, талдау жасау қажет, - дейді Жақсылық Омар.
Осы орайда қала басшысы жер үсті өткелінің ішінен өтіп, жаңбыр жауғанда шатырдан су ағатынын көрді. Жақында қатты желден шатыр құрылымының бір бөлігі жұлынып кеткен. Материалдар алынған, жақын күндері шатырды жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.