Өскеменде жаңа жылу электр орталығы салынады
Қазіргі таңда нысан салынатын орын анықталып қойды
ШҚО әкімі "Самұрық-Энерго" АҚ делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Кеңесте "Өскемен қаласында Жылу электр орталығын салу" жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта ЖЭО құрылысына арналған алаң анықталды. Тараптар станцияның өндірістік инфрақұрылымына (күл үйіндісі, су жинау) жер учаскелерін анықтау, жобалау және бастапқы деректерді алу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, ЖЭО үшін сыртқы инфрақұрылым құрылысы да талқыланды, - делінген ШҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Кездесу барысында "Самұрық-Энерго" АҚ осы өңірде іске асырылып жатқан басқа да инвестициялық жобалардың: Шүлбі ГЭС-інің II кезегінің құрылысы және Өскемен ГЭС-інің 4-гидроагрегатын жаңғырту барысы туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде облыс басшылығы жергілікті атқарушы органдарға жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды ұсыну жөнінде нақты тапсырмалар берді.