ШҚО-да есірткі сататын интернет-дүкен анықталды
Өскемен қаласының тұрғыны өзі марихуана мен гашиш өсіріп, мессенджер арқылы сатқан
Ол есірткі тұқымын шетелден тапсырыспен алдырған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасымен бірлесіп Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғынын ұстады.
Ол өзі өсірген марихуана мен гашишті сату үшін танымал мессенджерлердің бірінде веб-сайт пен парақша ашқан, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі. - Төлемді алғаннан кейін тауарды алдын ала келісілген орындарға жасырып кетіп отырған. Оның жер үйін тінту барысында полицейлер есірткінің әр түрін өсіруге арналған зертхананы анықтаған.
Жедел уәкілдер қара нарықта құны 20 миллион теңгеден асатын 1 келіден астам дайын "тауарды" тәркілеген.
Сондай-ақ полицейлер оның заңсыз әрекеттерге қатысы барын дәлелдейтін таразылар, орайтын материалдар мен электронды құрылғыларды тапқан.
Ұйымдастырушының айтуынша, ол заттарды өсіретін тұқымдарға шетелдерден тапсырыс берген.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері шығысқазақстандық полицейлер өңірге есірткі тасымалдайтын 6 ірі арнаның жолын кесіп, 6 есірткі зертханасын таратып, айналымнан 250 келіден астам есірткіні, оның ішінде 6 келіден астам синтетикалық заттарды тәркілеген, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі. - Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі сақталатын, өндірілетін немесе сатылатын орындар туралы ақпарат берген азаматтар осындай қылмыстарды ашуға көмектескені үшін марапатталатынын хабарлайды. Сіздің ақпаратыңыз есірткі қылмысымен күресуге және қоғамымызды қауіпсіз етуге айтарлықтай көмектесуі мүмкін.