Өскеменде кәсіпкерді құрбысы алдап, 3 млн теңгесін жымқырған
Кәсіпкер құрбысына сенім артып, бухгалтерлік есепті жүргізу үшін ай сайын ақша аударып отырған
39 жастағы күдікті өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласының полициясына жергілікті тұрғын құрбысының алдап алаяқтық жасағаны туралы арызбен жүгінген, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі. - Жәбірленушінің айтуынша, 2022 жылдың қыркүйегінде жеке кәсіп ашқан. Кейін құрбысынан бухгалтерлік қызмет бойынша, оның ішінде табыс салығын төлеуге және қызметкерлердің зейнетақы төлемдерін аударуға көмектесуін сұраған. Осылайша, ол "көмекшісінің" шотына ай сайын ақша аударып отырған.
Алайда біраз уақыттан кейін "есепші" тиісті міндеттемелерін орындамай, барлық аударылған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жібергені анықталған. Келтірілген жалпы шығын сомасы 3 миллион теңгені құраған.
39 жастағы күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазір алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.