Өскеменде Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының мәдени күндері өтеді
"Туған жер – алтын бесігім!" жобасы аясындағы қос ауданның мәдени күндері облыс орталығында 11 қазан күні басталады
Екі күн бойы Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарының өнер ұжымдарының концерті, ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
11 қазан күні сағат 18.00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының көрермендер залында Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының өнерлі шығармашылық ұжымдары мен солистерінің концерті өтеді. Кеш алдында қолөнер және бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесін, Берел қорық-мұражайының және Үлкен Нарын тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері экспозициясын, сондай-ақ Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының ауылшаруашылық өнімдері көрмесін тамашалай аласыздар, - деп хабарлады Катонқарағай ауданы әкімдігі.
12 қазан күні сағат 08.00-ден бастап Жібек жолы даңғылы, 44 мекенжайы бойынша орналасқан "Шығыс Алтай" сауда орталығы алаңында Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен көркемөнерпаздарының концерті өтеді.
Қол күрес, арқан тарту, қой көтеру, бал көтеру, қымыз ішу және тағы басқа спорт ойындары өткізіледі.
Спортсүйер қауым үшін сағат 09. 00-ден бастап Комсомол аралында шағын футболдан ашық турнир өтеді.