Өскеменде өтіп жатқан театр фестиваліне ШҚО әкімдігі арнайы жүлде тағайындады
Өскеменде қазақ драма теарларының XXX республикалық фестивалi салтанатты түрде ашылды
Көрнекті жазушы және балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған фестивальге сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктеуден өткен 10 театр қатысады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс Қазақстанның облыс орталығында қазақ драма теарларының фестивалі осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалі 2015 жылы Өскеменде тұңғыш рет өткен. Биыл, міне, 1-5 қазан арлығында XXX республикалық фестивалi ұйымдастырылуда.
Фестивальдің ашылу салтанатына КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, мәдениет министрлігінің өкілдері мен "Менің атым Қожа" фильмінде бас кейіпкерді сомадаған Нұрлан Санжарұлы келіп, өнер саласы мен жазушы жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.
Қазақта "талант – тас жарады, тас жармаса – бас жарады" деген сөз бар. Бердібек Соқпақбаев ерекше талант болатын. Тас жара алмады кезінде, оған жарғызбады. Бірақ бас жарды. Өзінің өмір сүрген шағында биліктен де, басқадан да ешқандай жақсылық көре алмаған адам, - дейді Мереке Құлкенов. - Бердібек Соқпақбаев өз шығармаларын социалистік реализммен жазбаған, сондықтан бар шығармаларын балаларға арнап жазған. Социалистік реализм деген не? Кезінде ауданның бірінші хатшысын, өзге де қолында билігі барларды дәріптеп жазған шығармалар жиі кездескен. Қазір соның біреуі жоқ. Ал "Менің атым Қожаны" әлемдегі 70-тен астам ел аударып, оқыды. Бұл талант иесінің бақыты. Айта кетейік, Бердібек Соқпақбаев 2-3 пьеса жазған. Кезінде газеттерге шықса да ешбір режиссердің назарына ілікпей қалды деп ойлаймын. Соның бірі "Бозтөбеде бір қыз бар" деп аталатын, 3 актілі, 5 суретті камедия. 1961 жылы "Лениншіл жас" газетінің 19-шы, 20-шы шілдедегі сандарында жарық көрген. Екіншісі – "Кездесу". "Мәдение және тұрмыс" журналының 1958 жылғы №2 нөмірінде басылды. Ал үшінші "Өлгендер қайтып келмейді" деген романы бойынша драматург Баққожа Мұқай екеуі пьеса жазды. Оны Нарынқолдағы халық театры қойған. Бірақ жазылған мәтіні сол күйі жоғалған, – деді Мереке Құлкенов.
Сондықтан жазушының шығармашылығын қайта зерттеп, театрға алып келетін уақыт келгенін айтады.
Фестивальдердің көп болғаны жақсы. Әрине, сан емес, сапа басшылыққа алынуы тиіс. Фестивальдердің арқасында театр өнерінің қандай деңгейде екенін білуге болады. Қазақстанда 70-ке тарта театр бар. Әрқайсысының өміршеңдігі мен шығармашылық деңгейі әртүрлі. Тақырып аясы тұрғысында өзгешеліктер байқалады. Театр қазақ халқына қашан да жақын болған. Себебі жұртымыз әнге, театрландырылған көріністерге ерекше ден қойған. Мұны тарих беттерінде тарамдалған түрлі оқиғалардан оқыған да боларсыздар. Тіпті тойлардағы қыз қуу сияқты сергіту сәттерінен театрдың элементтерін байқауға болады, – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Фестивальға мәдениет және ақпарат министрлігі жүлде қорын тағайындаған. Сонымен қатар, ШҚО әкімдігінің атынан Ермек Көшербаевтың 2,5 млн теңге қаржы көлеміндегі арнайы жүлдесі бар.
Осы фестивальді қандай тақырыпта өткізу жайын ойлаған кезде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көп мән беріліп жатқанын ескеріп, қазіргі театрлардың балаларға қандай қойылымдар ұсынып жатқанын көргіміз келді. Сондай-ақ, биыл балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы. Осыларды ұштастырып, ШҚО әкімдігінің ұсынысымен, Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен ШҚО драма және оперетта театрында XXX республикалық фестивалi ашылды, - деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Театр өнері басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева. Осы фестивальге қатысуға ұсыныс білдірген театрлар көп болды, бірақ үздік деп танылған 10 театр қатысады. Фестиваль соңында қазылар алқасының шешімімен үздіктердің ішіндегі үздіктері анықталады.
Айта кетейік, республикалық деңгейдегі фестиваль 1992 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.
Алғашқы күні Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының өнерпаздары Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" шығармасын сахналады.
Қойылымдар:
- 2 қазан күні сағат 10.00-де Алматы қаласынан келген республикалық академиялық неміс драма театры, Г. Яхина "Wolgakinder"; сағат 19.00-де Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры Қ. Мұраттың "Мұғалім";
- 3 қазан күні сағат 11.00-де Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Б. Соқпақбаевтың "Қайдасың, Гауһар"; сағат 19.00-де Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры, "Кобыланды" халықтық эпосы;
- 4 қазан күні сағат 10.00-де Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, А. Елгезек "Болмаған балалық шақ"; 15.00-де Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Ф. Достоевский, М. Омарова "Қара бала"; сағат 19.00-де Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры, О. Бөкей "Қар қызы".
- 5 қазан күні сағат 10.00-де Семей қаласының "Дариға-ай" жастар театры, М. Әуезов "Жетім"; сағат 15.00-де Астана қаласы әкімдігінің "Жастар" театры, Б. Соқпақбаев "Көзіме бір көрінсең, бала ғашық"