ШҚО-да 5,5 мың адам қаржылық сауаттылығын арттырды
Осы аптада А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана мамандары қаржылық сауаттылық курстарынан өтті
Бүгін кітапхана қызметкерлеріне сертификаттар табысталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық саутылығын арттыру бойынша тапсырма берген болатын. Осыған орай AMANAT партиясы мен жергілікті атқарушы орган бірлесіп, өңірде "Қарызсыз қоғам" жобасын жүзеге асыруда.
Азаматтарды қаржылық сауаттылық бойынша Астана қаласына барып арнайы курстан өткен менторлар оқытады. Оқу ұзақтығы 5 күн. Түске дейін жалпы бағдарлама бойынша жүргізілсе, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке кеңестер беріледі.
Ақпан айының басынан бастап облыста қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған оқу жүріп жатыр. Мәселен, осы аптада А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері қаржылық сауаттылық курсынан өтті. Қатысушыларды өз ісін ашу үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, инвестициялау жолдары туралы ақпарат қызықтырды.
Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 5500 адам қаржылық сауаттылығын арттыру курстарынан өтті. Ал жыл соңына дейін облыстың барлық облыс, қалаларын қамтып, 6500 адамға курс өткізу жоспарда бар, - дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, бұл курстар тегін. Қаржылық сауаттылық бойынша білім аламын деген кез келген азамат AMANAT партиясы филиалдары арқылы немесе жергілікті ауылдық округтердің әкімшіліктері арқылы жазуылуларына болады. Сондай-ақ, өтінішті Qogamfin.kz сайтында да қалдыруға болады.